Назар аударыңыздар!

Жеке және заңды тұлғаларға,мал иелеріне!

 

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339 ветеринария туралы Заңына сәйкес.

4-тарау. ЖАНУАРЛАР АУРУЛАРЫНЫҢ, ОНЫҢ IШIНДЕ ЖАНУАРЛАР МЕН АДАМҒА ОРТАҚ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ЖОЮ

25-бап. Жеке және заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөнiндегi мiндеттерi

Жеке және заңды тұлғалар:

1)    Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарымен белгiленген жануарлар ауруларының алдын алуды және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелердi сақтай отырып, ветеринариялық және әкiмшiлiк-шаруашылық iс-шараларды жүзеге асыруға;

2)    зоопарктердегi, цирктердегi, омарталардағы, аквариумдардағы жануарларды қоса алғанда, жануарлардың ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұсталуын, өсiрiлуiн және пайдаланылуын жүзеге асыруға;

3)    аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстауға, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге;

4)    орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, өңдеу мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектiлерiн орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру кезiнде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезiнде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды сақтауға;

5)    ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етуге;

6)    жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық санитариялық бақылау және қадағалау органдарына:

жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны мен өткізілгені;

жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлауға және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдануға;

7)    ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз жануарларына уақтылы вакцина егуге және олардың диагностикасын қамтамасыз етуге;

8)    алып тасталды - ҚР 17.01.2014 № 165-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

9)    мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторларға орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді ветеринариялық тексеру үшiн кедергiсiз беруге;

10)        мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың актілерін орындауға;

11)        союдың алдында ветеринариялық тексеру жүргiзбей жануарларды өткiзу үшiн союға және сойғаннан кейiн ұшалары мен мүшелерiне ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай өткiзуге жол бермеуге;

11-1) кейiннен өткiзуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын ет өңдейтiн кәсiпорындарда, сою пункттерiнде немесе сою алаңдарында (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарында) союды жүзеге асыруға;

12) ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсетуге;

12-1) жануарларды карантиндеуді жүргізуге;

13) жаңа, жетілдірілген ветеринариялық препараттарға, тамақ өнімін, жемшөп, жемшөп қоспаларын өндіруге арналған нормативтік-техникалық құжаттаманы уәкілетті органмен келісуге міндетті.

 

«Ақсу қаласы ветеринария бөлімі» ММ

жетекші маманы                                                                                 И.Хасанов